Skip to content

Мектеп тарихы

Өзіндік даму тарихы бар киелі білім ордасының алғашқы іргетасы 1968 жылы қаланып, 1969 жылы ашылды. Биыл мектебімізге 56 жыл толып отыр. Бұл жыл сайын  түлектер  ұшқан сайын тарихтың беті ауысып отыратындай естелікке толы уақыт.

Клавдия Ивановна  Темирханова мектепті салған құрылысшылар мен инженерлер қолынан мектептің символдық кілтін алған мектептің алғашқы директоры. Бұл осы мектептегі білім бұлағы бастауының тарихи кезеңі.

1978 жылдан бастап 2007 жылға дейін саналы ғұмырын ұлтымыздың болашағы – ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, білгір басшы, Қазақ ССР-нің білім беру саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері  Адамбекова Хамар Ықыласқызы мектептің директорлығы қызметін атқарады.

Осы жылдар ішінде Хамар Адамбекова өзі басқаратын мектеп ұжымын жас ұрпаққа сапалы білім, лайықты тәрбие беруге бастап,  нәтижелі жетістіктер үлгісін көрсетті. Білікті, жаңашыл, ұйымдастыру қабілеті жоғары директор басшылық етіп отырған мектеп қаладағы үздік мектептердің бірінен саналды. 

Қарт ұстаз Қамар Ықыласқызының бастамасымен 2004 жылы лингвистикалық бағыттағы №16 орта мектеп бірыңғай қазақ мектебі болып шаңырақ көтерді.

2007 – 2008 жылдар аралығында мектеп директорлығы қызметін

Дүбірбекова Қарлығаш Шакаримовна атқарды. Өз жұмысына деген үлкен жауапкершілігімен Қарлығаш Шакаримовна кабинеттердің сабаққа керекті құралдармен жабдықталуы, оқушылардың қызығушылығын арттыру, оларды  түрлі білім сайыстарына қатыстыруға үлкен мән берді. Осы уақыт ішінде мектептің атына сай лингвистикалық бағытта көп жұмыстар атқарылды. «Лингвист зерттеуші», «Тіл этикеті», «Тіл стилистикасы» қосымша таңдау курстары арқылы да тіл дамытуға  көп көңіл бөлінді.Сонымен қатар оқушыларды өнерге баулу, ұлттық болмысты қалыптастыру жолында көптеген іс-шаралар атқарылды.

2008-2018 жылдар аралығында  №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектеп директоры болып Сартаева Үміт Алшымбековна қызмет атқарды.      2018  жылы жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектебі жалпы білім беретін мектептердің арасынан калалық олимпиададан 100 пайыздық көрсеткішпен I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Мұғалімдер мен оқушылардың ғылыми жоба байқаулары мен түрлі конференцияларға қатысуы және жүлделі орындарының саны артты.

Үміт Алшимбековна мектепте мемлекеттік  «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқарды. Бөлінген қаржыны толық игеріп, мектепті жаңа өмір талабына сай көркемдеуде үлкен үлес қосты. Даңқ мұражайы, этномәдени мұражайлары, ақпараттық орталық, мұғалімдер бөлмесі, спортзал, асхана күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи талапқа сай жаңартылды.

2019 жылдан бері мектепті Сыздыкова Саягүл Тұрарқызы басқарып келеді.